2013-05-24 12:15:06

СӘБИТ МҰҚАНОВ «АҚБІЛЕКТІҢ» АВТОРЫНА «ЖОЛБИКЕ» ДЕГЕН СӨЗІН ДЕ ҚИМАДЫ


«Бір тайпа ауылды үш мылтықтың албастысы басып, тұншықты». Жүсіпбек Аймауытовтың атақты «Ақбілек» романының алғашқы бетінде осындай сөйлем бар. Осы атақты романды талдауға академик Серік Қирабаев пен әдебиетші ғалым Зейнол-Ғабиден Бейсенғали қатысты. «Мәдениет» телеарнасынан «Халық сөзіне» ұсынылып отыр.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Аймауытовтың «Ақбілегін» қайталап оқыған кезімде де бір ісініп, бір суынып, әрі намысым келіп отырды. Аннотациядағы бір сөйлемді бекер келтіріп отырғамыз жоқ. Әмірхан Меңдеке мысалы, «ел арасындағы намыссыздық, жігерсіздік дегеннің көрінісі міне, осы» деп күйіп-піседі осыны айтқанда. Өзі бұл романның сюжеті қазақ қоғамына сәл жаттау көрінеді, тосындау, күрделі. Осы тұрғыдан келген кезде, Серік аға, сол орта, сол заман, сол кезде романды қалай қабылдады екен?
Серік ҚИРАБАЕВ:
Роман қазақ ортасына кең жайылып үлгерген жоқ. Ол кезде Алашордашыларды қуғындау басталған тұс. Романның бір-екі үзіндісі «Жаңа әдебиет» журналына 1929 жылы басылды. Роман толық жарық көрген жоқ. Сондақтан ол жөнінде сын-пікірлер айтылмай қалды. Мен Жүсіпбекті ақтаудың басы-қасында болған адаммын. Сол комиссияда мүше болдым, институттың директоры едім. Материалдардың барлығы біздің қолымыздан өтті, біз дайындадық. Сонда Жүсіпбектің шығармаларын оқып, оған алғысөз жазып, бір томдығын дайындасып, кейін бес томдығын шығарысқам. Жүсіпбек жөнінде бір брошюра шығардым, Жүсіпбек жөнінде кітап жаздым, «Ана тілі» баспасында 1993 жылы басылып шықты. Сөйтіп жүргенде Жүсіпбек жөнінде бұрын әдебиеттің онша болмағанын аңғардым. Сосын Жүсіпбектің өмірі жөнінде дерек жоқ. Жүсіпбектің Смағұл Сәдуақасовқа берген сұхбаты кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде басылды. Ал романның қолжазбасы былай табылды. Смағұл Сәдуақасовтың әйелі (Әлихан Бөкейхановтың қызы Елизавета) Смағұлдың бүкіл архивін өзі өлерінің алдында Мұхтар Әуезовке әкеліп тапсырған екен. Романның қолжазбасы Мұхтар Әуезовтің архивінен шықты. Сосын екінші бір қолжазба 1937 жылы ұсталып кетіп, қайтып келіп, біраз жұмыс істеген аудармашыдан шықты. Соныменен роман көпшілікке жарияланып үлгерген жоқ. Оның алғашқы нұсқасын тек біз ғана жарияладық. Қанша дегенмен біз басқа мемлекеттің боданы болдық. Олар не айтса, соған көндік те, басымызды басқа жаққа бұрып кете алмадық. Азаматтық соғыс Қазақстанда болмағанмен, шет жағалап қазақтарға білініп жатты. Өйткені, шығыс пен батыста жалғасып жатқан үлкен соғыстан Қазақстан шет қала алған жоқ. Әсіресе азамат соғысының соңғы кезінде, қызылдар жеңіп, ақтар жеңілгенде бірқатар ақ әскерлері оңтүстікке қарай өтіп, біздің жеріміз арқылы көрші мемлекеттерге қарай қашты. Солардың зияны бірқатар қазақ ауылдарына тиіп кетті.   «Қызылдар келіп, қазақ ауылымен танысып, орналаса бастаған кезде, ақтар қызылдардың киімін киіп келіп, ел ішін ойрандап кетіп, қызылы қайсы, ағы қайсы екенін білмей, қазақтар әбден шатасты», – деп кезінде Сәкен Сейфуллин де, Ғабит Мүсірепов те айтқан. Міне, сондай бір эпизод Алтайдағы қазақ аулының үстінен өткен ақтың әскерінің жолында болған. Орыстың 3-4 офицері сол қазақ ауылынан пайда тауып кеткісі келген, ол ана  «Қартқожа» романының соңғы жағында бар. Қартқожа Семейге оқуға аттанған жолда, ақ әскерлерінің шегініп бара жатқанын, сонда үлкен пәуескеде 3 офицердің бір қазақтың қызын қоршап, құшақтап алғанын көреді. Ана қыздың көзі жыпылықтап, ешкімге қарай алмай кетіп бара жатады. Залымдардың қолына түскеніне аяушылық білдіріп жазғаны да Жүсіпбектің. Енді осы оқиғаның жалғасын алып келіп, мынаған салып отыр. Сол жерде Мамырбай байдың ауылына ақтар келіп, атыс болады. Сол ғой жаңағы айтып отырғандарың.
Зейнол-Ғабден БИСЕНҒАЛИ: Аймауытовтың бұл романы туралы сыни пікір дегенмен бар-ау. 1932 жылы Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы» деген кітабы жарық көрді. Сонда қаламгерлер туралы әңгіме айту барысында, Сәбит Мұқанов «Ақбілек» романы жайында пікір айтқан. «Бұл роман толық аяқталған шығарма емес. Өйткені, қолжазбасы жоқ. Үзіндісі ғана бар» дегендей әңгімені біреулер айтып жүрді. Бірақ, Сәбит Мұқанов жаңа мен айтқан еңбегінде: «Ақбілек» романының толық нұсқасын Жүсіпбектен алып оқып шықтым», – деген. Екі нұсқасы бар екенін Серағаң жаңа айтып өтті. Ал жалпы романның шығармашылық лабораториясына келетін болсақ, Серағаң айтқандай, Мәшһүр Жүсіпке жазған хатында толық айтып кеткен екен: «Екі айдың ішінде жазып шықтым, далаға шыққан жоқпын, күні-түні жұмыс істедім», – дейді. Одан кейінгі әңгіме, бұл шығарма қай жерде жазылды өзі? Бұл романға біраз тоқталған Рақымжан Тұрысбек деген әдебиетші болды. Алғаш 1988 жылы шыққан шығармадағы түсініктердің барлығы сол Рақымжандікі болатын. Сәбит Мұқанов: «Жүсіпбектің бұл романы көтеріліске қарсы жазылған шығарма», – дегенді айтады. Оның ішінде Мұқаш деген кейіпкер кедейден шыққан, өмір бойы қорлық көрген жігіт. Негізі «Мамырбайдың қызы бар» деп, жол көрсетіп апаратын осы Мұқаш қой. 3-4 адам барып, бейбіт отырған адамдардың үстінен мылтық атады. Сонда Ақбілек бір үлкен шұңқырға түсіп, тығылып жатады. Офицерлер іздеп жүр ғой. Қараса бірдеңе ағараңдайды, сонда Мұқаш: «Ақбілек, сенсің бе?», – деп сұрайды. Қазақ сөйлеп тұрғаннан кейін Ақбілек: «Аға, менмін ғой», – деп қолын береді, «шығарып алсын» деп. Сол кезде Мұқаш шығарып алып, ақтың офицерлеріне апарып береді. Сәбит Мұқанов осыны айта келе: «Осы шығармада Жүсіпбек Аймауытов қазақтың ішінен шыққан адамдардың ақтарға қызмет еткенін көрсетеді. Жүсіпбектің негізгі ойы осындай болған», – деген пікір айтады. Шығармада Жылтыр деген тағы біреу бар. Кезінде байлардан қорлық көрген. Сосын Төлеген деген кейіпкер бар, Мамырбайдың ұлы. Ақбала сияқты қазақтың оқып, қызмет еткендері болады. Солардың ортасында сол кездегі замана туралы әңгімелер басталып кетеді, шайдың үстінде. Олар бірыңғай больщевиктік позициядағы адамдар емес. Ойлап қарасаң, 1927 жылдары ғой. Ол кезде адамдар идеологиялық жағынан өз пікірін айтуға мүмкіндігі болған. Бәрінің қысылып қалатын кезі 1928 жылдан басталады. Кеңес өкіметі билікті толық қолына алады, шетінен ұстап, жаба бастайды. Міне, соның алдында ғой, аумалы-төкпелі заман туралы, ақтар мен қызылдар не істеп жатыр деген әңгіме айтылады дастархан басында. Сонда біреу: «Қызылдар, сіздер, қалай ойлайсыздар? Істеріңіз біртүрлі болып жатыр ғой. Сіздерде сөз көп, іс жоқ», – дейді. Ол жерде жергілікті өкіметтің басшылары, комиссарлар отырады. Одан кейін оған қарсы сөйлейтін адамдар шығады. Сәбит Мұқанов «ХХ ғасырдағы әдебиет монографиясында» осыны айтады. «Мұнда да Жүсіпбек Аймауытов революцияны қолдап отырған жоқ, қарсы жазып отыр», – дейді. Ол жерде алашордашылар болады. Оқыған, азат пікірдегі адамнан жеңіліп қалады қызылдардың большевигі.
Серік ҚИРАБАЕВ: Сол кітапты өз басым әлеуметтік тапсырыспен жасаған деп ұғамын. Алашордашылардың бәрін түрмеге қамап қойып, ол туралы кітап жазғызу арнайы тапсырыс арқылы болмаса, мүмкін емес. Оның ішінде Сәбеңнің осы кітабы жазылып жатқан кезде Жүсіпбек атылып кетті. Жүсіпбек түрмеге түскеннен кейін қайтып шықпаған қазақ. Мәскеуге жіберілді де, сол жақта атылып кетті. Жүсіпбектен кешірім сұрауды да, өкіметке жағатын сөз айтуды да сұрағандар болған екен. «Өзінің жазушысын сүйе білмеген өкіметтен мен кешірім сұрамаймын», – депті. Сондықтан да болу керек, осы алашордашылардың ішінде ең ұлтшыл, ең жаман етіп жазады Сәбең Жүсіпбекті. Үңіліп қарасаңыз, сол жазушылардың ішіндегі ең кедейі Жүсіпбек. Кедейге, қалың бұқараға жаны ауырып отырады. Геройларын да солардың ішінен алып шығады. Сәбеңнің «Мағжанмен кездесіп қаламын-ау» деген ойы болған болуы керек, Мағжанның ұлы ақын екендігін, Ахметтің қазақ тіліне сіңірген еңбегі туралы айтып жүреді екен ылғи. Жылы сөзін тек Жүсіпбекке ғана арнамаған. Жүсіпбекке «жолбике» деген сөзді де қимады. Ал Жүсіпбекті сол кездегі аға жазушылар қатты сыйлаған.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шығарманың композициялық құрылымы, сюжеті өте шебер құрастырылған. Тіпті бүгінгі күнгі   жазушыларымыздың шеберлігінен бір кем емес деп айтуға болады. Роман төрт бөлімнен тұрады екен. Төрт бөлімнің алғашқы бөлімі Ақбілектің ақтардың қолына түсіп, тауда офицерге «жем» болып қалғаны, сол кездегі Ақбілектің сезімдері туралы тұтастай. Оқырманның сезімдерін шабақтап отырып оқуға мәжбүрлейді. Сосын Ақбілектің, тіпті ақтардың әрекеттері, бәріне себеп табады. Ақтайтынын ақтап алады, мансұқтайтынын мансұқтап алады. Жазушы бояуын қандырып тұрып жазады. Романның бірінші бөліміне көбірек тоқталуға себеп бар. Ақбілек торға түскеннен кейін «енді қалай болар екен, енді не болар екен» деп елеңдеумен боласыз. Тіпті сюжеттің барысын қарап отырсаңыз, Ақбілекті ақтың басқа бір офицері иеленіп кеткісі келіп жатады. Сол кезде Ақбілектің оған көнбей қойғаны, асаулығы, одан кейін Ақбілектің көңілін басқа бір офицер өзінің іс-әрекетімен баурап алғаны, Ақбілек үшін қарсыласын дуэлге шақырғаны, бәрі қызықты баяндалады.
Серік ҚИРАБАЕВ:
Бұл жерде қыздың психологиясын мейлінше шебер берген. Сосын шарасыздық тұр ғой. Қайткенде де бұларға жем болатынын біліп отыр. Бұл жерде үлкен ұлттық намыс көтеріледі.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Негізі бұл романда сіз байқамаған нәрсе жоқ деп есептеймін. Бағанағы орыс-қазақ мәселесін дұрыс айтып отырсыз. Орыстарды басқыншы, шапқыншы, отарлаушы халық ретінде суреттейді ғой. Мынандай да пікірі бар: «Орыстың алдына тамақ қойсаң мылжыңдап отыра береді», – деген. Сөйте отырып, Ақбілектің сезімін жазушы ақтап алғысы келеді. Амалдың жоғынан келіскен адамының да жай адам емес екенін көрсетеді. Оның Ақбілекті пайдаланып қалайын деген ойы ғана емес, шынайы сезімі оянғанын көрсетеді. Тіпті өздері қашып бара жатқан кезде Ақбілекті атып тастағысы келеді. Алтыатарын алып, енді атайын деп тұрған кезде: «Сен мені неге өлтіргелі тұрсың?», – деп сұрайды Ақбілек. Сонда анау офицер: «Мен сені қатты жақсы көргенім сонша, менен кейін сені басқа біреудің құшақтағанын қаламаймын», – дейді. Бірақ атуға бәрібір қимайды, себебі Ақбілек сол жерде бір ержүректік жасайды. «Атсаң ат» деп мылтыққа қарсы омырауын ашып жүгіреді. Содан анау атуға қимай қалады.
Зейнол-Ғабден БЕЙСЕНҒАЛИ:
Сол жерде тағы бір сөз айтады ғой: «Өмір деген жолығысулардан тұрады. Кім білген? Болашақта екеуіміз тағы кездесерміз. Сен мені атпа!», – дейді ғой. Сол сөзге тоқтайды. Шынында Ақбілек пен Қарамұрттың кездесетіні бар ғой. Ақбілек Балташқа тұрмысқа шықпақ болып, тіркеу орнына барса, Қарамұрт сол ЗАГС-те отырады. Сол жерде қызметкер болады. Сәбеңнің жазатыны бар: «Ақтың офицері кім екенін Ақбілек неге айтпады? Неге жасырды?», – деп. Бұл жерде Жүсіпбек Аймауытов күрделі психологиялық сәттерді жасады ғой. Мысалы үшін, Ақбілекті алып келеді. Ақтар таласып: «Бәрімізге болсын» деп жатыр. Бірден келген бетте, жан-жағына қарағанда нигилистік көзқараспен қарап, бейжай жатқан Қарамұртқа көзі түсіп кетеді ғой. Соған көзімен белгі бергендей болады.
Серік ҚИРАБАЕВ: Үлкен психолог жазушы ғой. Ұсақ-түйек детальдардың өзінен керемет психологиялық жағдайлар туғызады. Таңертең күн ашылды. Ауылға кету керек. Бірақ «Ауылым деп қалай барамын? Тап-таза Мамырбайдың қызы едім. Мені ит жалап кеткен сияқты. Намаз оқитын Мамырбайдың үйіне қалай барып кіремін? Елдің бетіне қалай көрінемін?» деген ойы, қыздың ауылға деп кетіп бара жатқан ынтасын бұзып жіберіп, үлкен күйзеліске түседі. Екі ортада бақсының кездесіп қалуы, судың жағасына келіп, беті-қолын жуып: «Су ағып жатыр, өмір өтіп жатыр, бір тоқтамайды», – деген ойға келеді.          
Зейнол-Ғабден БЕЙСЕНҒАЛИ: Бұл ауылына келе жатқанда Ақбілек ойланады ғой. «Әкемді қалай көремін?» деп. Анасының атылғанын біледі, естиді. Үйге келгеннен кейін әкесіне қарай алмайды. Әкесі де қарамайды. Ақбілекке ең бататыны осы. Осы жерде Жүсекең Ақбілектің психологиясын жақсы аша түседі. Ұлттық психологияны қазақтың дым көрмеген қызы арқылы ашады. Одан кейін мұны шиеленістіріп жіберетін нәрсе, әкесі Мамырбайдың Өрікке үйленуі. Өрік – сүйкімсіздеу адам. Өріктің Ақбілекке деген көзқарасы түзу емес. Сосын Жүсіпбек қазақ прозасындағы әйел психологиясын, адам психологиясын суреттеудің керемет шеберлігіне жеткен ғой. Мен айтар едім, батыстағы Мопассанның қыздар, әйелдер психологиясын бейнелеу бағытындағы стиліне Жүсіпбек өте жақын барады. Ол өзі көп оқыған қаламгер ғой. Басқасын былай қойғанда, психология туралы үлкен еңбек жазған ғой.
Серік ҚИРАБАЕВ: Психологиядан сабақ берген.
Зейнол-Ғабден Бисенғали: Иә, психологияны суреттеу барысында керемет дәлдікке барады. Күндердің күнінде Өрік Ақбілектің ішін байқап қалады. Оның жүрегі жарылып қуанып кетіп, ана жағына бір, мына жағына бір шығып қарайды. Көзін жеткізу керек қой енді. Енді Өрікке таптырмайтын  дәлел табылды ғой. Бұл қайдан пайда болды? Демек ақтардан аяғы ауыр болып келді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл жерде Ақбілекті бұрыннан жақсы көріп, аламын деп жүрген күйеу жігіті Бекболаттың  басындағы жағдайды да жазушы жақсы береді. Бекболат Ақбілекті кешіргісі келеді. Соған еркі де, басы да жетпей, әр-әркімге ақыл салып алаңдайды.
Серік ҚИРАБАЕВ:
Бекболатпен сөйлесіп, ыңғайланып жүрген кезде, іші білініп қалғанын біліп қалып, тайып кетті ғой. Сол қазақ ауылындағы өсек-аяң, ішкі қарым-қатынастардың күрделілігі мейлінше шебер берілген.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ақбілек аяғы ауыр болып қалған кезде бала көтере алмай жүрген жеңгесі Ұрқия: «Мен де бала көтеріп қалдым», – дейді. Ақбілектің де, оның да іші шығады. Сонымен Ақбілек босанған түні, ол да босанады. Сонымен оқырман шынымен сеніп отырады, екеуі қатар жүкті болған екен деп. Босанғаннан кейін Ақбілек «баланың көзін құрт, ел мына жерде маған күн көрсетпейді» деуге мәжбүр болады. Баланы алып кетеді, алдын ала сөйлесіп, келісіліп қойылған. Жалшы кемпір баланы апарып Ұрқияның қойнына салып, бала аман қалады. Міне, жазушының шығарма құрылымын жасаудағы шеберлігі осыдан да көрінеді.
Зейнол-Ғабден БЕЙСЕНҒАЛИ:
Шығарманың сюжетін салыстырып қараған уақытта байқайсыз, болып жатқан оқиғаның барлығы қаламгердің суреттеу барысында ғаламат қазақы шыққан. Негізінде аңдап қарасаңыз Аймауытов үшінші жақпен жазады. Бірақ кейбір мәселелерді кейіпкерлердің өздеріне айтқызатын тұстары бар. Мысалы, Мұқаштың кім екенін өзіне айтқызады. Бекболатқа да, Қарамұртқа да кім екеніндерін өздеріне айтқызады. Мұның барлығы үлкен шеберлікті талап ететін мәселе ғой. Серағаң біледі ғой, жалпы роман теориясымен көп айналысқан, осы уақытқа дейін барлық сыншылар айтып жүрген Бахтин деген бар. Оның романға деген өзінің концепциясы бар. Негізінен алып қарағанда бұл дұрыс. Мінеки, сол концепцияны классикалық үлгіде пайдаланған адам Жүсіпбек Аймауытов болатын.
Серік ҚИРАБАЕВ: Кейіпкер сомдау, суреттеу дегеніңіз қат-қабат жүріп отырады. Бір жерде бір айтылып қана кетпейді. Мысалы, Бекболаттың алғаш қызды есіне түсіруі, сол арқылы қыздың жақсы тұстарын жадында жаңғыртуы жайдан-жай емес. Бекболат арқылы бірнеше жерде қайталанып келіп, кейіпкер образын толықтырып отырады.
Зейнол-Ғабден Бейсенғали: Біз Ақбілекті ұстап алып кеткеннен кейінгісін ғана білеміз. Ал оған дейінгі өмірі қайда? Белгісіз болып қалды ғой. Міне, соны Бекболаттың есіне түсіру арқылы, шегіністер жасау арқылы көреміз. Ол Бекболат байдың баласы. Өзіне тең бір байдың қызын аламыз деп атастырып қояды. Ал Бекболат оған көнбей, Ақбілекке ғашық болып, «аламын» деп жүрген кезі ғой.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Алғашқы екі бөлімде мен мына нәрсені байқадым: Жүсіпбек Аймауытов қазақтың арасындағы жаман мінездерді көп көрсетеді. Арызқойлық, бір-бірін жамандау, өсекшілдік, жалқаулық, еңбексіздік деген нәрселерді тәптіштеп жазады. Оның сыры неде?
Серік ҚИРАБАЕВ:
Аймауытов дала мен қала деген мәселені көп көтерген жазушы. Адам басынан әр түрлі нәрсе өтеді, бірақ соның барлығы біртіндеп кейінге қалады, адам мақсатына жетеді. Жүсіпбектің басты концепциясы осы.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шығарманың басында халықтық трагедия, сосын ұлттық күрделі мәселелер сөз болады да, шығарманың үшінші бөліміне келген кезде қала өмірі айтылады. Одан соң өзіңіз айтып отырған әлеуметтік жағдайға, төртінші бөлімге қарай саяси мәселелерге қарай ауысады. Сөйтіп күрделене түседі. 
Серік ҚИРАБАЕВ:
Жүсіпбек Аймауытов өмірдегі ағымнан көп ауытқымайды. Өйткені, Ақбілектің оқиғасымен өмір тоқтап қалған жоқ. Енді арғы жағында жаңа өмірге келді. Жаңа өмірді суреттейтін жағында схемалық нәрселері бар. Адамның да, қоғамның да тәуелсіз болуы. Еркін, табиғи жағымен дамуы. Осыны негізге ала білген.
Зейнол-Ғабден БЕЙСЕНҒАЛИ: Мұнда Ақбала деген кейіпкер бар. Ақбілек бостандық алып, оқуға келгеннен кейін Ақбаланы ұнатады. Ақбала ұзын бойлы, шашы қара, шешен жігіт. Сөйтіп жүргенде Ақбаламен ажырасуына себеп болатын нәрсе – таза ұлттық психология болады. Ақбілектің өзі Ақбалаға бар жағдайын айтып қояды. Содан кейін Ақбала бірден алыстап кетеді. Бұл таза қазақы психология. Енді Балташқа келгенде әңгіме басқа болды. Ақбілек Балташты ұнатпай жүреді. Балташ келіп: «Ақбала қыздармен көп жүрген, абайла», – дейді. Тіпті Ақбілекке Ақбаланың күнделігін әкеліп береді ғой. Ол жерде неше түрлі қыздармен қалай жүргенін жазады Ақбала. Сөйтіп, Балташ Ақбілекті кездесуге шақырады. Кездесуге бара жатқанда Ақбілек Балташты жек көретінін, бәрін бүлдіргенін, болашақ тағдырына оның кінәсі бар екенін айтуға ниеттенеді. Балташ: «Маған сенің өткенің керек емес, маған сен керексің», – дейді. Ойлап қарағанда, қазақы психологияға сыйдыру қиын. Ақбалаға ғашық болып жүрген, Балташты сол үшін жек көріп жүрген Ақбілектің аяқ астынан барып мойнына асыла кетуі, психологиялық жағынан дәл емес сияқты. Негізі, әлемдік романдарды қарасаңыз, әйел психологиясы деген қиын нәрсе ғой. Болжап білмейтін нәрсе. Романның соңына келгенде Жүсіпбек Аймауытовтың стилі өзгеріп кетеді. Ақбілектің Балташты ертіп, ауылына баруы, ауылындағы қыздармен сөйлесуі, міне, осы кезде Жүсіпбек таза публицистикалық стилге ауысып кетеді. Ал шынтуайтына келгенде Аймауытовтың «Ақбілегі» күрделі әрі ғажап роман. Бұл қазақ әдебиетіндегі жаңа романдардың басы. Және оны жазып шығуға жазушының құқы да, шеберлігі де жетті.
Серік ҚИРАБАЕВ: Асығыс жазған ғой. Уақытының аз қалғанын біліп жүр. Екі айдың ішінде жазып шыққан.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әсіресе ақ өлең стилінде жазылатын алғашқы тараулары оқырманды тебірентпей қоймайды. Тілінің көркемдігі, архаизмдердің тұнбасы сақталған роман. Біз өзі әлі күнге дейін кеудемізді басыңқы ұстаймыз. Әсілінде мұнда әлемдік романистиканың жақсы нышандары бар. Өзі әлем әдебиетінде уақыт ескіртті, заман ескіртті демей, қайта оралып соғып отыратын шығармалар бар ғой, қазақ әдебиетінде де Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын осы деңгейде бағалар едік. Әттең, қол жетпейді, біз көбінше орыс әдебиетінің мүмкіншілігінен ары аса алмаған халықпыз, әйтпесе бұл әлемдік романистикадағы орны үлкен шығарманың бірі.
«Халық сөзіне» дайындаған – Балжан МҰРАТҚЫЗЫ.

477 рет қаралды  |   3 пікір  |   Халық мәдениеті


  • 24 Мамыр, 13:58

    Қонақ

    Үлкен рахмет. Түскі шай аса сіңімді болды.

    • 26 Мамыр, 17:05

      Қонақ

      "Кітапханадан" көргем. Жақсы талқылау. Көп мағлұмат бар.

      • 27 Мамыр, 11:26

        Қонақ

        Сәбең енді "жолбике" демегені үшін де жазықты болыпты. Әйтеуір қай жаққа тартса да Сәбең жетеді. Өйткені ол: "Сәбең деген қазақтың кең даласы" ғой... (Ғалым Жайлыбай).

        Жазылу

        Жарнама

        Қызық дерек

        23 МЛН. 102 МЫҢ АДАМ Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттерінің саны осындай шамаға жеткен

        Халықтан хат

        Серіктестер

        Іздеу